АИТВ
АИТВ - адамның иммун тапшылығы вирусының, яғни адамның иммунды жүйесін зақымдайтын вирустың қысқартылған атауы. Адамның иммундық жүйесін зақымдай отырып, басқа инфекциялық аурулардың дамуына ықпал етеді. Өйткені адамның иммундық жүйесі әлсіз болғандықтан, ауру туғызатын микроорганизмдермен күресуге қабілеті төмендейді. АИТВ жұқтырған адам сау адамға мүлде қауіп тудырмайтын микрорганизмдерге өте сезімтал болып келеді. Иммун тапшылығы вирусы адамнан адамға жұғады. АИТВ адамнан адамға үш жол арқылы беріледі: қан арқылы, жыныстық қатынас және тігінен (анасынан баласына жүктілігі , босану кезінде және ана сүтімен). Инфекция масаның шағуы, қол беріп амандасу, сүйісу, жүзу бассейндерінде шомылу арқылы берілмейді.
Бастапқыда ауру білінбейді. Көпшілік жағдайда АИТВ жұқтырғанын және басқаға қауіп төндіретіні туралы біле бермейді. Жұқтырған адам көбіне ауру жұқтырғанын сезбей де қалады. Бірнеше апта өткен соң ғана тұмауға ұқсас белгілер пайда бола бастайды (дене қызуы көтеріледі, тері бетінде бөртпелер шығады, лимфа түйіндері үлкейеді, іші өтеді). Вирус жұқтырған адам көп жыл бойы өзін сау адамдай сезінеді. Бұл аурудың жасырын кезеңі деп аталады. Бірақ бұл кезде адам ағзасында өзгеріс болмады деуге болмайды. Ауру қоздырғыш, оның ішінде АИТВ адам ағзасына енеді, иммундық жүйе иммундық жауап құрайды. Ауру қоздырғышты жоймақшы болып әрекеттенеді. Ол үшін иммундық жүйе антидене өндіреді. Антидене ауру қоздырғышты жоюға көмектеседі. Сонымен қатар қанның арнайы ақ жасушасы (лимфоцит) ауру тудырғыш агентпен күреседі. Өкінішке орай АИТВ-мен күресуде бұл жеткіліксіз, иммундық жүйе АИТВ жеңе алмайды, ал өз кезегінде вирус иммундық жүйені бұзады.
Вирусты жұқтырған адам ЖИТС-ке ұшырады деуге болмайды. ЖИТС-ке ұласуына ұзақ жыл өтеді (орта есеппен 10-12 жыл). АИТВ инфекциясын немесе ЖИТС-пен ауырған адам «Қанша жыл өмір сүремін?» және «Ауруым асқынған ба?» деген сұрақтар қояды. АИТВ да, ЖИТС те әр түрлі асқынады және бұл сұраққа нақты жауап беру мүмкін емес. Бүгінгі күні осы аурумен ауыратын адамдар бұрынғы жылдарға қарағанда ұзақ өмір сүреді. АИТВ және ЖИТС-ті емдеу жылдан жылға нәтижесін беруде.
Емдеу нәтижесінде ұзақ уақыт өздерін сау адамдай сезінеді. Емдеудің жаңа әдістері іздестірілуде. Инфекциямен күресте тиімді жаңа дәрілік заттардың пайда болатынына күмән жоқ, әрине. АИТВ жұқтырып алмау үшін қарапайым ережелерді сақтауыңыз қажет: есірткі заттарын пайдаланбаңыз және бірнеше адам пайдаланған шприцті қолдануға болмайды, қорғаныс құралдарынсыз кездейсоқ жыныстық қатынасқа түспеу керек, жыныстық қатынас арқылы берілетін ауруларды емдеу қажет, жүктілік кезінде дәрігердің бақылауында болу, өзіңіздің статусыңызды білу үшін АИТВ тестіден өту. Зерттеуді емханада, ауруханада анонимді түрде өтуге болады.
Өзіңізді және балаларыңызды сақтаңыздар, дендеріңіз сау болсын!
Дайындаған: эпидемиолог дәрігер Ә.Б Айдарбаева